Басты - Новости

Әлем таныған Нұр-Сұлтан циркі

19.06.2019
Әлем таныған Нұр-Сұлтан циркі

Елордамыздың төріндегі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев салып берген ғажайып ғимарат, астаналық цирктің әлемдегі көшбасшы цирктермен тығыз қарым-қатынас жасауы, біздің әртістеріміздің цирк майталмандарын таң қалдырған керемет өнері, жыл сайын қала күніне орай дәстүрлі түрде өткізілетін «Азия жаңғырығы» атты халықаралық беделді фестиваль, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің салтанат құруы еліміздегі цирк өнерін күллі әлемге паш етіп келеді. 
Соның бір дәлелі, өткен жылы «Астаналық цирк» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының бас директоры Ерік Жолжақсынов Монаконың ханшайымы Стефанияның тікелей шақыруымен әлемдік цирк өнерінің биік шыңы - Монте-Карлодағы халықаралық цирк өнері фестивалінің қазылар алқасының мүшесі болды. Қазақ циркінің тарихында тұңғыш рет Қазақстанның өкілі Монте-Карлодағы 42-інші фестивальде әлемдегі 6 мемлекеттің цирк майталмандарының қатарында отырып, ғаламат өнерге қазылық етті. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы цирк өнері үшін зор жетістік, биік мәртебе! 
Жуырда біз осынау аса жағымды жаңалықты естіп, цирк өнері саласындағы айтулы қуанышпен бөлісу мақсатында «Астаналық цирк» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының бас директоры Ерік Қалиұлы Жолжақсынов ағамызға жолығып, арнайы сұхбаттасқан едік. Сол сыр-сұхбатымыздың ұзын-ырғасы төмендегідей болып шықты.
Монте-Карлода өнер көрсету, қазылық ету – үлкен жетістік
- Ерік аға, Сізді және астаналық цирк ұжымын елорданың ғана емес, қазақ циркінің тарихындағы айтулы оқиғамен, үлкен жетістікпен шын жүректен құттықтаймын! Екеуара әңгімемізді осынау жағымды жаңалықтан бастасақ. Монте-Карлодағы әлемдік фестивальге қазылық етуге қалай жолыңыз түсті?
- Монако – шағын қала-мемлекет. Оның әкімшілік аумағының бірі – Монте-Карло қаласы. Халықаралық туризмнің және цирк өнерінің астанасы екенін күллі әлем халқы біледі. Жыл сайын Монте-Карлода әлемдік деңгейдегі цирк фестивалі өтеді. Былайша айтқанда, цирк өнерінің «Оскары» сонда табысталады. Ол жерге бару, әртістердің фестивальде өнер көрсетуі – бір машақат. Өйткені жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар ғана бара алады. Мінеки, біздің сол Монте-Карломен қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып жүргенімізге бір-екі жыл өтті. Жыл сайын қала күніне орай өткізетін «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнері фестиваліне сол жақтан қонақтар келіп, әртістеріміздің өнерін көреді. Бәлкім, қазақтың циркін де мойындағаны шығар, 2018 жылы Монте-Карлода өткен 42-інші халықаралық цирк фестиваліне қазылық етуге шақырту алдым. Сөйтіп, қазақ циркінің тарихында тұңғыш рет, әлемдегі 6 мықты елдің майталман мамандарының арасында отырып, цирк қойылымдарына қазылық еттім. Бұл мен үшін де, отандық цирк өнері үшін де керемет жетістік, зор абырой деп білемін! Ол жердегі фестивальдің қазылар алқасының төрайымы, Монаконың ханшайымы – Стефанияның өзі. Бір өкініштісі, биыл 43-інші фестивальге тағы шақырту алғаныммен, белгілі бір себептерге орай жолым түспеді. 
- Сол сапарда көкірегіңізге түйген ой-пікірлеріңізбен, алған әсерлеріңізбен бөліссеңіз?
- Алған әсерлерім ұшан-теңіз. Монте-Карло – цирк өнерінің астанасы болып саналады. Әлемдік цирктің нағыз жауһарлары, кереметінің бәрі сол жерде. Бір байқағаным, монте-карлолықтар таңның атысынан күннің батысына дейін цирк қойылымдарын тамашалайды. Бұларда цирктен басқа тірлік жоқ па деп таң қаласың. 
- Біздің әртістеріміз Монте-Карлода өнер көрсетті ме? Цирк майталмандарының көңілінен шығатындай өнер көрсету үшін қандай жоғары деңгейге жету керек? Олардың өкілдері елордаға келді ме?
- Иә, келді. Өткен жылы Монте-Карлодағы халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті, Стефания ханшайымның өкілі Урс Пилс елордамызға келіп, «Азия жаңғырығы» фестивалінде өнер көрсеткен әртістерімізді өз еліне шақырды. Сол әріптестеріміз Германияға, Италияға және т.б. елдерге барды. Әлемнің әртүрлі жерлерін аралап, өнер көрсетті. Бір айдан соң, олар Монте-Карлоға тағы аттанады. Бұл да біз үшін зор жетістік дер едім! Алдыңғы жылы аталған фестивальден бас жүлдені жеңіп алған шабандоз жігіттерімізді қытайлар аттай қалап, шақыртып алды. Осыған қарап, қазақтың циркін күллі әлем мойындағанын көруге болады. Ерекше өнердің арқасында Қазақ Елін, оның бас қаласы – Нұр-Сұлтанды күллі әлем танып-білуде. Негізінен алғанда, «Азия жаңғырығы» атты фестивальдің басты мақсаты – жас таланттарды ашу, әлемдегі үздік өнер ордаларымен тығыз қарым-қатынас жасау, қазақтың өлмейтін салт-дәстүрлерін өзгелерге кеңінен насихаттау болып табылады. Есігімізді тарс жауып алып отырсақ, бізді кім шақырады? Мұндай ізгі шаралардың берері мол. Мысалы, ол қарапайым халық үшін ұмытылмас мереке болса, екінші жағынан шетелден келген қонақтарға салт-дәстүрлерімізді, жоғары мәдениетімізді насихаттайтын тамаша мүмкіндік. Қыздарымыз үстіне ұлттық оюы бар киімдер киіп шығып, жүлделерді табыстайды. Фестивальдің соңынан қонақтарға арнап, ақ дастархан жаямыз. Үлкен асымызды, ұлттық сусындарымызды алдына қоямыз. Тіпті, өмірінде қазақтың ұлттық асын алғаш рет жеп, таң қалған шетелдік әріптестеріміз сол дәмді, асты сағынып жататыны рас.  
12-ші фестивальдің жаңалығы неде?
- Ерік аға, ал биылғы «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалі қашан өтеді? Оның жаңалығы неде? Биылғы мерекеде циркке ағылған патша көңілді көрермендерді немен таң қалдырасыздар?
- Қала күніне орай жыл сайын өтетін «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнері фестивалі биыл 12-ші рет өтеді. Өтетін күндері – 4-8 шілде аралығы. Қазір оған қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Биыл әртістер 15 мемлекеттен келеді деп күтілуде. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Испания, Израиль, Вьетнам, Мысыр елі, Болгария, Монғолия, Қытай, Беларусь, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бар. Осыған қарағанда, фестивальдің ауқымы, беделі, деңгейі бөлек екенін көруге болады. Әріптестеріміздің біраз жаңалықтармен келетіні сөзсіз. Өйткені, өнердің үндестігі, сабақтастығы жалғаса береді. Өнердің бір орында тұруы мүмкін емес. Жыл сайын жаңа нөмірлер келеді. Көбінесе көрермендер бұрын көрмеген қойылымдарды әкелуге тырысамыз. Биыл да солай болары анық. Әріптестеріміздің бұл фестивальге деген құлшынысы, құрметі ерекше. Биыл да соны байқадық. Әлбетте, бұл жүлделі фестиваль болғандықтан, бас жүлдесі, 1-ші, 2-ші және 3-ші орындардан бөлек, «Көрермендер көзайымы» деген атаулы жүлде беріледі. Сондай-ақ, ең үздік режиссура, ең үздік қойылым деген аталымдар бар. Қазір инновация заманы. Сондықтан, әртістердің жұртты таң қалдыратын нөмірлері жыл сайын жаңарып жатады. Меніңше, олар жиылған халықты өзінің керемет өнерімен де, үстіндегі киімімен де, қойылған музыкасымен де таң қалдырады. Мысалы, акробаттардың әуеде өнер көрсетуін алайықшы. Бұл – бүгінгі таңдағы өте қауіпті нөмірлердің бірі. Немесе «шыққыш» деген нөмір бар. Екі қолын қойып отырып, жоғары шығады. Бір қабатты үйдің шатырына шыққандай болып көрінеді. Екі таяқтың үстіне шығып, оңға және солға ауытқып, өнер көрсетеді. Бұл – асқан жүректілікті қажет ететін нөмірлер. Биыл біздің Жомарт Жанмырзааев атты әртісіміз манежге шығады. Ол жіңішке сым темірдің үстінде ойын (қолымен және аяғымен тұрады, жатады) көрсетеді.   Сонымен қатар, жан-жануарлардың қатысуымен де қойылымдар көрсетіледі. Барлығын айтып қойсам, келетін халыққа қызықсыз болып қалар. Айтпақшы,  ол күндері цирктің билеттері, мың теңгеден 6 мың теңгеге дейін сатылады. Билеттің құны отыратын орындыққа байланысты. Одан бөлек, 60-қа тарта қонақтарымыз келеді. 4-5 шілде күндері көрермендердің назарына қойылым ұсынылады. Ал, 6-7 шілде күндері – жүлделі бағдарламалар, 8 шілде күні гала-қойылым көрсетіледі. Қысқасы, елордамыздағы беделді циркті, өз өнерімізді басқаларға танытатын, насихаттайтын күн жақын қалды. 
-  Сіз бір сұхбатыңызда: «Цирк дегеннің өзі инемен құдық қазғандай дүниенің бірі» депсіз. Цирктің өзге өнердің түрінен ерекшелігі, өзгешелігі неде деп ойлайсыз? Цирк – тәрбие құралы бола ала ма?
- Өз басым театрда да, кинода да қызмет еттім. Бірақ цирктің ерекшелігі бөлек. Мұнда шынында да әртістердің алатаңнан қара кешке дейін еңбек етуі спортпен үндесіп жатыр. Сол себептен цирк өнеріне дұрыс көңіл бөліп, қолдауымыз қажет. Әрине, Елбасының өзі салып берген ғажайып ғимаратымыз бар. Қала басшылығы тарапынан үнемі қолдау көрсетілетіні анық. Алайда, цирктің әртістері барған жерде жеңіске жететін болса, кәдімгідей мемлекеттік туымыз аспанға көтеріледі. Мұндай үрдіс спортта және циркте бар. Демек, бұл өнер тойының өзі еңселі елордамызды, тәуелсіз елімізді шетелдерге насихаттаудың тамаша бір мүмкіндігі екені даусыз. Биыл елімізде бірқатар жағымды өзгерістер болды. Бас қаламызға Қазақстанның мемлекеттілігінің негізін қалаған, тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімінің берілуі өзі – тарихи оқиға. Мен Италияда, Монте-Карлода және т.б. жерлерде болдым. Бірақ, қазақтың керемет қонақжайлығы, дархандығы, кеңпейілдігі ол жерде жоқ. Шетелден келген әріптестеріміз осы қасиеттерімізге таң қалып жатады. Бірде шетелден келген әріптесіміздің бірі: «Төсектен тұрып, аяғымызға тәпішке киіп, манежге шыға салдық» деп жазыпты. Шынында да солай. Заманауи ғимаратымыз, күн сайын құлпырған елордамыз бар. Бұл – да мақтанатын нәрсе. Бәріне де шүкір делік! Екіншіден, цирк те – өнердің ошағы. Өнерді сүймеген халықтың болашағы жоқ. Сондықтан, кішкентай балаларды циркке әкеліп, тәрбиелеуіміз керек. Өйткені, өнер жас талғамайды. Цирк өнерінде сұлулық, әдемілік, кербездік бар. Қаншама жанрлар бір-бірімен үндесіп, жымдасып жатыр. Жыл сайын бұл фестивальдің қарқыны, беделі, бағы, дәрежесі өсіп келеді. Олай болса, біріншіден, халықтың цирк өнеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, сұлу өнерді паш ететін, екіншіден, шетелдіктерге өзімізді жақсы жағынан насихаттайтын күн алда дегім келеді.  
- Ерік аға, сүбелі де салиқалы сұхбатыңызға көп рақмет! Сізге және «Астаналық цирк» ұжымына зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ 
Суретте: Монаконың ханшайымы Стефания Ерік Жолжақсыновқа төсбелгі тапсыру сәті. 
Монте-Карлодағы халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилс мырзамен бірге. 
Қазылар алқасының мүшелері
Ерік Жолжақсынов Моноканың королі Альберт 2-мен бірге

Бізбен байланыс

«Астаналық цирк» МКҚК Қабанбай батыр даңғылы, 5

Приемная-факс:

+7 (7172) 24 42 08
+7 (7172) 24 43 10

Отдел рекламы, гастролей и зарубежных связей:

+7 (7172) 24 40 59

echoofasia@gmail.com